Кәсіпкерлік - батыл ойлау, дұрыс шешім қабылдау және өз жолыңды табу өнері. Соңғы жылдары қыз-келіншектер бизнестің дамуына жаңа тыныс беріп, табыстың әйел қолымен де жасалатынын дәлелдеп келеді. Солардың бірі әрі бірегейі - Сәуле Әлменова. Ол өз ісінің маманы ғана емес, өз еңбегімен, жүйелі жоспарымен және сенімімен үлкен нәтижеге жеткен кәсіпкер.
Сәуле кәсіпкерлер отбасында дүниеге келген. Бала кезінен қаржыны сауатты басқаруды үйреніп, еңбекке құрмет пен тәртіптің бағасын түсініп өсті. Әкесі әрбір тиынның қадірін біліп, қаржылық жауапкершілікті жастайынан санасына сіңірген. Бұл қасиеттер кейін оның кәсібінде маңызды тірекке айналды.
Ата-анасы Сәуленің фармацевт болғанын қалағанымен, ол өз жүрегінің үнін тыңдады. Ол «Қазақстан – Атажұртым, Қасиетім – Ана тілім» халықаралық олимпиадасына қатысып, 68 қатысушының арасынан жүлделі 3-орынға ие болды. Осы жетістік оған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетіне грантқа түсуге мүмкіндік берді. Бұл - Сәуленің өміріндегі өзі қабылдаған алғашқы батыл шешімі еді.
Сәуле бакалавриат пен магистратураны тәмамдап, бес жыл оқытушы болып еңбек етті. Алайда ол өзінің бағыты басқа екенін жүрегімен сезді. Ішкі сенімі оны кәсіпкерлікке алып келді - өз кәсібін ашып, алға қарай дамуға шешім қабылдады.
Өміріндегі екінші маңызды қадам - отбасын құру. Оның жары - мектептегі алғашқы махаббаты. Жас отбасының алғашқы жылдары қарапайым өтті: жолдасының айлығы небәрі 77 мың теңге болған кездер де болды. Бірақ Сәуле барға қанағат, жоққа сабыр етіп, әрқашан болашағына сеніп, дұға-тілегін үзген жоқ.
Отбасы құрған соң, олар балалы болу жолында сынақтан өтті. Сол кезде Сәуле жүкті аналармен жақындасып, оларға пайдалы болуды қалады. Қаржы тапшылығы, жалғыз көлік - бәрі де қиындық туғызды. Бірақ дәл осы сәтте Сәуле батыл шешім қабылдап, жолдасын көлікті сатуға көндірді де, ана мен балаға арналған дүкен ашу идеясын іске асырды.
Осылайша жалғыз көліктің қаржысына «Маматай-Балақай» бренді дүниеге келді. Бес жылдың ішінде бұл дүкен Қазақстандағы ең танымал брендтердің біріне айналды. Шамамен 70 мың болашақ ана босануға дайындық сөмкелерін осы жерден жинап, қажетті заттарын таңдап алды. Бүгінде командада 10 қызметкер жұмыс істейді, ал өнімдері Қазақстанның түкпір-түкпіріне таралып, аналардың сеніміне ие болып отыр.
Осы жылдар ішінде Сәуле мен жұбайы тұрмыс жағдайын жақсартып, бірнеше мемлекетке саяхаттады, жаңа көлік алып, Шымкент пен Алматыдан су жаңа пәтердің иесі атанды. Ең бастысы - ұл мен қыздың ата-анасы атанды.
Сонымен қатар Сәуле қайырымдылықпен де айналысады: мұқтаж отбасыларға дайын перзентхана сөмкелерін тегін сыйлап, аналарға қолдау көрсетеді. Ол миллионер кәсіпкер болу тек ер адамның ғана емес, әйел адамның да қолынан келетінін дәлелдеп келеді. Оның басты қағидасы - әйел адам өзіне сеніп, дұрыс шешім қабылдай білсе, бәрі мүмкін.
Сәуленің өмірлік ұстанымдарының бірі - мамандық пен жар таңдауда қателеспеу. Өйткені бұл шешім адамның болашағын анықтайды. Филологияда алған білімі оның сөздік қорын байытып, өзіне сенімділікті арттырып, адамдарды соңынан ерте білу қабілетін қалыптастырды.
Бүгінде Сәуле Әлменова - Қазақстандағы ең табысты әйелдердің бірі. Сол себепті MUZZONE телеарнасы оны 2025 жылғы ТОП тізімге енгізіп, номинация жеңімпазы ретінде марапаттады.